|
31.07.2019 | 14:11
6633

Тальго жолсеріктерінің пойызда жолаушы әйелді зорлауына байланысты ҚТЖ мәлімдеме жасады

Ұлттық компания жолаушыдан ресми түрде кешірім сұрап, компания беделіне нұқсан келгенін айтты

Тальго жолсеріктерінің пойызда жолаушы әйелді зорлауына байланысты ҚТЖ мәлімдеме жасады Фото ABC

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы зорланған жолаушыдан кешірім сұрады. Бұл туралы «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Қанат Әлмағамбетов айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Компания өкілінің айтуынша, Тальго жолсеріктерінің әрекетінен жолаушы әйел зардап шегіп қана қоймай, «ҚТЖ» беделіне нұқсан келген.

«Мұндай жағдайдың болғаны өте өкінішті. Сондықтан компанияның және өзімнің атымнан кешірім сұраймын. Мен жолсеріктер мұндай әрекетке бармау керек еді деп санаймын. Олар жолаушының қауіпсіздігіне жауап берудің орнына, қылмыс жасады. Салдарынан жолаушы ғана зардап шегіп қоймай, біздің жолсеріктердің, қызметкерлердің беделіне нұқсан келді. Біздің ойымызша, олар сотталуы тиіс», - деді Қанат Әлмағамбетов баспасөз мәслихатында.

Сонымен қатар, басқарма төрағасының бірінші орынбасары қоғам назарына іліккен оқиғадан соң, «Нұр-Сұлтан-Ақтөбе» пойызына қатысы бар қызметкерлер түгел жұмыстан шығарылғанын атап өтті.

2018 жылдың қараша айында «НеМолчиKZ» зорлық-зомбылыққа қарсы қоғамдық қозғалыс» қорының басшысы Дина Таңсәрі (Смайылова) жантүршігерлік оқиға туралы жазды.

Оның айтуынша, елордадағы ғылыми конференциядан Ақтөбеге қайтып бара жатқан әйелді «Тұлпар-Тальго» пойызында екі жолсерік бірінен соң бірі зорлаған.

Судья бұл оқиғаны жабылып зорлау деудің орнына «әдеттегі әйел зорлау» деп бағалады.

Кейін 29 шілде бас көлік прокуроры Ернат Сыбанқұлов, жолсеріктерге шығарылған сот үкімі қайта қаралатынын мәлімдеді.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров

Janalyqtar tizbegi

След. →
Прямой эфир