Олар директорға ескертпей, жолға шығып кеткен
Ақтөбе облысында болған жол-көлік апатының себеп-салдары зерттеліп жатыр. Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, көлік рульінде спорт мектебі директорының орынбасары болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Балалар мектептегі сабақтан босатылмаған соң директор оқушыларды жарысқа жіберу туралы бұйрыққа қол қоймаған. Сәйкесінше, полицияның ілесіп жүруіне өтініш хат жазылмаған. Дегенмен олар 17-қараша күні қалаға қарай шыққан. Жаттықтырушы директордың орынбасарына өтініш айтқан. Бұл туралы директорға ескертпеген. Демек бұйрық шықпаған, балаларды алып жүру ұйымдастырылмаған. Балалар арасында өтетін кубок жылына бір рет ұйымдастырылады. Бұл бұқаралық-спорттық шара», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Евгений Гончаров.
Ақтөбе облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұловтың хабарлауынша, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің «Автомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес балаларды тасымалдау кезінде полиция қызметкерлерінің ілесіп жүруі үшін белгіленген мерзімнен 3 тәулік бұрын сұраныс берілуі қажет.
Осыған дейін Ақтөбеде оқушылар мінген минивэн аударылып, бір бала көз жұмғаны хабарланды.