Павлодарда колледж ұстазы студентіне қол көтерді

30.09.2023 19:20

Шәкіртін тәртіптеген колледж ұстазы жұмысынан айырылды

Сурет: видеодан алынды

Павлодар қаласындағы монтаждау колледжінің арнайы тәртіп пәні мұғалімінің бейнесі желіде тарады. Видеодан оның кәмелетке толмаған баланы тұрғызып қойып, құйрығынан қатты затпен бірнеше рет ұрғанын көруге болады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Zakon.kz-ке сілтеме жасап.

Бейнетүсірілімнің сипаттамасында осылайша шәкірттерін ұрып, үнемі тәртіпке салатыны айтылады. Оның үстіне аталған ұстаздың жасөспірім қыздарды қоймаға қамап алып, "тәртіпке салған" кезі де болыпты. Қазір ата-аналар және құқық қорғаушылар тарапынан құзырлы органға шағым түскені де нақтыланады.

Кейіннен желіде "жұлдызға айналған" ұстаздың жұмыстан босатылғаны белгілі болды. Мұны аталған колледж директоры Ренат Дүйсекенов Facebook-тегі парақшасында нақтылады.

 - Орын алған келеңсіз жағдайға байланысты Павлодар қалалық монтаждау колледжі әкімшілігі шұғыл шарар қабылдап, тиісті жұмыстар жүргізді. Әрине, ешбір мұғалімге бала құқығын таптауға, ауыр сөздер айтуға, қол жұмсап, күш көрсетуге жол берілмейді. Мұндай әрекеттер ҚР заңнамасы аясында қарастырылып, шаралар қабылданады. Әлеуметтік желіде тараған материалдар негізінде педагогикалық әдеп кеңесі өткізілді. Кеңес отырысында аталған мұғалім кінәлі деп танылып, жұмыстан босату туралы шешім қабылданды. Облыс пен қала тұрғындарынан, колледж студенттері мен ата-аналарынан оқытушы-мұғалім тарапынан кеткен өрескел қателік үшін кешірім сұраймыз, - дейді колледж директоры Ренат Дүйсекенов. 

Оқи отырыңыз: Көкшетауда ата-анасы кесірінен 1,5 жасар сәби жансақтау бөлімінде көз жұмды