Келес АПБ Криминалдық полиция бөлімшесінің полицейлері жедел-алдын алу іс-шаралары аясында ауданның барлық аймағын тінтіп, тексеру жұмыстарын жүргізу барысында ауыл тұрғындарының бірінің егістік алқабынан есірткі тектес «Көкнәр» өсімдігін тапты, деп хабарлайды Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Аумағы 1 гектарға жуық жерді алып жатқан алқап тікенді металл сымдарымен қоршалған және жүгері дақылымен араластырып егілген.
Полицейлер ол жерден айғақ зат ретінде «Көкнәр» есірткі затына ұқсас 7 мың түптен астам өсімдікті тәркілеген. Сараптама қорытындысы бойынша, зерттеуге ұсынылған есірткі тектес өсімдіктің «ұйықтататын көкнәр» екендігі белгілі болды. Оның жалпы салмағы 300 кг-нан асады.
Оқиға орнында құрықталған ағайынды екі азаматқа қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 300-бабы «Құрамында есiрткi заттар бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіру» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта аталған іске байланысты тергеу амалдары жалғасуда. Күдіктілер қамауда.
Полицейлердің айтуынша, мұндай іске барған азаматтар, есірткі еккендер, оны сатып және өзгелерге ұсынғандар міндетті түрде жазаланады. Себебі, есірткі заттар шартарапқа тарап, бүкіл әлемдегі адамзаттың қауіпті дертіне айналған.