Қапшағайда қоғамдық тәртіпті бұзған мас жүргізуші анықталды

polisia.kz
polisia.kz
Көлікке жалған тіркеу нөмірін тағып, оны алкогольдік мас күйде басқарған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысы Қапшағай қаласында жол жүру ережелерін “белінен басқан” жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы облысында қолданыстағы әкімшілік заңнаманың тоғыз талабын бір сәтте бұзған жүргізуші ұсталды. Оқиға жақында Қапшағай қаласында орын алған. 35 жастағы қала тұрғыны төтенше жағдай тәртібін бұза отырып, өзінің танысынан мемлекеттік тіркеуден шешілген “Range Rover Vogue” маркалы автокөлігін сұрап алған. Көлікке жалған тіркеу нөмірін тағып, оны алкогольдік мас күйде басқарған. Сондай-ақ, көлікті басқару үшін қажетті сақтандырудың болмағаны анықталды.

“Қала көшелерінде жүргенде ұсталған ер адам бағдаршамның қызыл түсіне қарамай өте шықты. Тәртіп сақшыларының талабына бағынбай, тоқтамады. Полицейлердің тексеруі үшін тиісті құжаттарын көрсетпей және медициналық куәландырудан да бас тартты. Төтенше жағдай кезінде қоғамдық тәртіпті бұзуға бағытталған шаралар жасады. Ішкі істер органдары өкілдерінің заңды талаптарын орындаудан үзілді-кесілді бас тартты”,- деді Қапшағай ҚПБ патрульдік полиция взводының командирі Диас Айнақұлов.

Құқық бұзушы жасаған тоғыз заңсыз әрекеттің әрқасысы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Оның бес дерегі бойынша айыппұл салынса, төрт дерегі бойынша Қапшағай қалалық сотының қаулысы қабылданды. Атап айтқанда, сотта 1985 жылы туған Батыров Алмас Еркінұлының ҚР ӘҚбК 476-бабының 6-тармағын; 478-бабын; 590-бабының 4-тармағын; 613-бабының 4-тармағын бұзғаны дәлелденіп, сот шешімімен құқық бұзушы 30 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. Сонымен қатар, сот шешімімен ол тоғыз жылға көлік басқару құқығынан айырылды.

“Құқық бұзушы басқарған автокөлік арнайы тұраққа тоғытылды. көлікті тек иесі ғана ала алады. Алайда, ол салынған айыппұлдарды толық көлемде төлеуі тиіс. Айыппұлдар сомасы, шамамен, 200 мың теңге болады. Осыған орай, барлық жүргізушілерден жол жүру ережесін қатаң сақтауларыңызды және карантин тәртібін бұзбауларыңызды сұраймын”,- деді патрульдік полиция взводының командирі Диас Айнақұлов.

Новости партнеров