Аталған факті бойынша бірден жедел-тергеу тобы құрылған
Шығыс Қазақстан облысында 36 жылқы ұрлаған ер адам Астанадан ұсталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, қыркүйек айының басында полицияға хабарласқан азамат Тарбағатай ауданында еркін жайылымнан 36 бас жылқысының ұрланғанын айтты.
Аталған факті бойынша бірден жедел-тергеу тобы құрылған.
«22 қыркүйекте Зайсан ауданының аумағында ұрланған малдың жүрген жері анықталып, ол жәбірленушіге қайтарылған. Көп ұзамай осыған және басқа да ұқсас қылмыстарға 63 жастағы ер адамның қатысы бар екендігі белгілі болды. Алайда Зайсан ауданының тұрғыны тәртіп сақшыларынан жасырынған. 5 қазаннан бастап оған мемлекетаралық іздеу жарияланды», - делінген ақпаратта.
Іздестіру шараларын өткізу барысында Астана қаласының полицейлері аталған азаматты ұстады. Қазіргі уақытта күдікті елордадағы тергеу изоляторына қамауға алған.
«Күдікті 2018-2022 жылдар аралығында Тарбағатай ауданының аумағында 6 рет мал ұрлаған. Бүгінде жәбірленушілерге бұрын ұрланған 70 бас мал қайтарылды. ҚР ҚК 188-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», - делінген хабарламада.