Іле-Алатау ұлттық паркіндегі фотоқақпанға Қызыл кітапқа енген бірнеше жабайы жануар түсіп қалған

15.04.2020 19:22

Олардың төртеуі – Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген қар барысы

ашық дереккөз

Іле-Алатау ұлттық паркіндегі бір фотоқақпанға жабайы жануарлар мен құстардың 10 түрі түсіп қалған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Олардың төртеуі – Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген қар барысы, тяньшан қоңыр аюы, тас сусары, және құмай құсы болған. Сондай-ақ, бұл жануарлардан бөлек қасқыр, түлкі, қабан, борсық, қоян және гималай ұларын да байқауға болады. Фотоқақпан Қызыл кітапқа енген жабайы жануарларды зерттеу мақсатында олардың мекендейтін жерлеріне орнатылған болатын. Бейнеде тіршілік иелерінің қолайлы жағдайда емін-еркін жүргендері көрінеді. Бұл факт ұлттық парк аумағындағы жануарларды қорғау және өсімін молайту жұмыстары дұрыс бағытта жүргізіліп жатқандығын дәлелдейді. Іле Алатау мемлекеттік ұлттық паркі аталмыш видеоны өзінің ресми фэйсбук парақшасында жариялаған.