Автобус 5-7 минутта жанып кетіп, жанармай құю бекетін шарпуы мүмкін еді...
Өрт шыққан кезде автобус салонында 30 адам болған, деп хабарлайды «Мой ГОРОД» порталы.
№22 автобус 12 маусым күні кешке өртене бастаған. Қоғамдық көлік аялдамадан жүріп бара жатқан кезде мотор лап ете түскен. Салонда 30 адам болған.
БҚО ТЖД бас маманы Нұралы Мусиевтің айтуынша, «Daewoo» маркалы автобус жолушыларды тасымалдаған.
«Өрт сөндіру қызметіне 19.30-да хабар түсті. Автобус 5-7 минутта толықтай жанып кетіп, жақын маңдағы жанармай құю бекетін шарпуы мүмкін еді. Дегенмен, өрт сөндірушілердің шұғыл әрекет етуінің арқасында тілсіз жау 19.44-те сөндірілді. Ешкім зардап шеккен жоқ», - деді Нұралы Мусиев.
Айта кеткен жөн, оқиға орнында 5 өрт сөндіруші мен 1 техника жұмыс істеді. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.