Петропавлда үй өртеніп, 3 адам көз жұмды

Almaty.tv
Almaty.tv
Өрт фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Петропавлда 3 адам қайғылы жағдайда көз жұмды. Жеке тұрғын үйде өрт шығып, іштегілер сыртқа шыға алмай қалған. Өрт фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жантүршігерлік оқиға 25 қыркүйекте сағат 10:00-де болған. Жеке тұрғын үй өртеніп, бір жастағы сәби, бес жастағы бала және 20 жастағы әйел қаза тапты. Жақындарын құтқармақ болған ер адам терезені сындырғанша, үйдегілер жанып кеткен.

– Мен ұйықтайын деп жатқанмын. Терезеден көрші үйдің жанып жатқанын көре сала, далаға жүгіріп шықтым. Әйелім қоңырау шалып, өрт сөндірушілерді шақырды. Бір уақытта үйдің терезесінен жігіт секіріп шықты. Балалардың жанып жатқанын айтып, айғайлай жөнелді. Өрт қатты болды. Жігіт тұншығып, есінен танып қалды, – деді куәгер Юрий Сухарев.

Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткенше үйдің кіреберісі толығымен жанып кеткен. Отты ауыздықтауға 15 адам мен 3 техника жұмылдырылды. Оқиға орнынан үш адамның мәйіті табылды.

– Өрт фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қажетті сараптамалар тағайындалды. Алдын ала болжам бойынша электр сымдарының қысқа тұйықталуы деп ойлап отырмыз, – деді Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Назымбек Елемесов.

Қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына психологиялық көмек көрсетілді. Жергілікті әкімдік қаржылай көмек көрсетеміз деп сендірді.

– Бұл жерге облыс, қала басшылығы кеше түнде келді. Жергілікті атқарушы орган тарапынан жерлеу рәсіміне, алғашқы қажеттілігіне, азық-түлік, киім кешекке және де туыстарына уақытша баспана үшін қаржы бөлінетін болады, – деді қала әкімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтолла.

Қазір өрттің шығу себебі мен келтірілген залал көлемі анықталып жатыр.

Айта кетейік, жыл басынан бері Солтүстік Қазақстанда 448 өрт болып, 23 адам қайтыс болған.

Нұргүл Алина, Азамат Елубаев, «Алматы» телеарнасы, СҚО-дан

Оқи отырыңыз: Қараусыз қалған кен орны: атыраулықтар денсаулығы үшін алаңдап отыр

Новости партнеров