Түрмеге тоғытылған ұлымды табытпен алып қайттым. Шымкентте күдікті Бейбарыс Сүлеймен абақты ауруханасында ажал құшты. Баласын жоқтаған ана оның өліміне құзырлы орган қызметкерлерін кінәлайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жанын қоярға жер таппай тұрған Гүлшат Байназарова бір апта бұрын тұңғышын жер қойнына тапсырды. 30 жастағы Бейбарыс Сүлеймен 7 ай бұрын ойынхана бизнесі үшін күдікке ілінген еді. Содан бері тергеу абақтысында жатқан жігіттің 14 қарашада жағдайы күрт нашарлаған. Онсыз да дәріге тәуелді ол 3 жыл бұрын қант диабетіне шалдыққан екен.
– 1,5 тәулік инсулин алмады, оны мекеме басшысы Ерлан да біледі. «Үйқамаққа шығармасаңыздар да, ең болмаса инсулинін жеткізіп беріңізші» деп өтіндім, – деді марқұмның анасы Гүлшат Байназарова
Бірақ қажетті дәрі-дәрмек күдіктіге жетпеген көрінеді. Жағдайы нашарлаған ол 14 қарашада жансақтау бөліміне жеткізіліп, ақыры сол жерде жан тапсырған. Ол мұқтаж болған инсулин де жаназасы оқылатын күні бір-ақ жеткізілген.
– Инсулинді айдың басында алып, Бейбарысқа апарып береміз. Түрмеден келген заттарды ашып қарағанда қорапта инесімен бірге бір пакет инсулин болды, – дейді марқұмның әйелі Ботагөз Мелдеш.
Іске қатысты тергеу басталды. Құзырлы орган өкілдері дәрі-дәрмекті уақытылы алғанына сенімді.
– Сот сараптама қорытындысымен шешім қабылданатын болады. Денсаулық сақтау басқармасы мен Қылмыстық атқару департаменті бірлесіп, қызметтік тексеру тағайындалды. Тергеу изоляторының емханасы қызметкерлерінің айтуынша, науқас барлық емдік шарасын алған, – деді Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары Ермек Жалғасбаев.
Айта кетейік, сот-медициналық сараптама бір айдан соң шығады. 30 жастағы марқұмның артында екі қызы мен 4 айлық ұлы қалды. Кенжесін көрмеген күйі бақилық болған Бейбарыс ойынхана бизнесі үшін күдікке ілініп, қамалған 18 адамның бірі еді.
Оразай Нұртай, Назерке Үкібасова, Елдар Жүнісқанов, «Алматы» телеарнасы, Түркістан облысы
Оқи отырыңыз: Алматыда түнгі көбелектер ұсталды