Кеше кешкісін Алматы орталығында өртенген ғимарат жұртты әбігерге салды. Төле би мен Әуезов көшелерінің қиылысында орналасқан нысанның қызыл жалынға оранған сәті әлеуметтік желіде тарады. Мән-жайды анықтау үшін Almaty.tv тілшісі оқиға орнына барып қайтқан еді.
280 шаршы метр аумақты шарпыған өрт жақын маңда орналасқан дүкендер мен банк бөлімшесіне қауіп төндірді. Ғимарат қасындағы үйдің тұрғындары да қолға түскен заттарын құшақтап, сыртқа қашқан.
Төле би көшесінің бойында орналасқан ғимарат шатырында өрт тұтанып, айналасына қауіп тудырды. Абырой болғанда, оқиға орнына шұғыл жеткен өрт сөндірушілер қазір қызыл жалынды толық ауыздықтауға кірісті.
«Мен өрт шыққан ғимараттың тура қасында тұрамын. Терезеден жанып жатқан шатырды көріп, бірден өрт сөндірушілерге хабар бермек болдым. Бірақ төтеншеліктерге өрттің тұтанғаны туралы ақпарат бұдан бұрын жеткен көрінеді. Оқиға орнына шұғыл жетіпті», - деді куәгер Артём Бандурак.
Өртті сөндіруге 10 арнайы техника мен жеке құрамнан 50 адам жұмылдырылды. Олар қызыл жалынның аумаққа тарап кетуіне жол бермей, тілсіз жауды 1 сағатта толық ауыздықтады.
«Кешкі сағат 19.23 шамасында төтенше жағдайлар қызметі оқиға орнына бірден жетті. Алғашқы жеткен құрам 6 минуттан кейін Төле би көшесінің бойындағы ғимараттың өртеніп жатқанын анықтады», - деді Алмалы ауданы ТЖБ бастығы Данияр Жүсіпов.
Кешкі уақытта өртенген нысан осы уақытқа дейін бос тұрған. Куәгерлердің сөзінше, бұрын бұл жер букмерлік кеңсе болыпты. Өрттен зардап шеккендер жоқ. Төтеншеліктер тілсіз жаудың шығу себебі анықталып жатыр деді.
Оразай Нұртай, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы