Браконьерлер итбалықтардың басын кесіп тастаған – министрлік

17.06.2022 19:35

Жануарлардың өлексесі ыдырап кеткен

ҚазАқпарат

Каспий теңізінде итбалықтардың нақты неден қырылғанын анықтау мүмкін емес. Өйткені, жануарлардың өлексесі ыдырап кеткен. Балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Аян Бахиянов осылай деп мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Ғылыми ұйымдар зерттеу жүргізгенімен, итбалықтардың нақты неден қырылғаны анықталмады. Тек жанама себептер бар. Мамандар итбалықтар сәуір-мамыр айларында емес, қаңтар-ақпанда өлген деп қорытынды шығарды. Тағы бір болжам, ол – қыс мезгілінің өте жылы болуы. Яғни, аталған су жануарлары мұздың үстіне күшіктейді. Ал биыл жылы ауа райы болып, мұз еріп кетті. Сондықтан күшіктер суға түскен. Ал жаңа туған итбалықтардың терісінде судан қорғайтын қабыршық болмайды. Бүгінде 220 өлексе табылды. Соның 50 пайызы жаңа туған итбалықтар», – деді Балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары. 

Аян Бахияновтың мәліметінше, табылған өлекселердің дене мүшерінде қолдан жасалған жарақаттар бар. 

«Табылған бірнеше итбалықтың басы және өзге де мүшелері қасақана кесіп алынған. Біздің болжам бойынша жануарлар заңсыз балық аулау құралдардарына түскен. Ал браконьерлер өз қылмысын жасыру үшін итбалықтардың басын кесіп тастаған», – деді Аян Бахиянов.

Теги: браконьер