«Мектепте жүргенде-ақ қоқан-лоқы жасайтын». Пермьде қанды қырғын ұйымдастырған қаскөйдің сыныптастары оның зұлым әрекетін бұрыннан жоспарлағанын растады. Олар Тимур Бекмансұровтың ақыл-есінің ауытқуын сол кезде-ақ байқаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Еске салсақ, кеше Пермь университетінде 18 жастағы жігіт оқытушылар мен студенттерге оқ жаудырған болатын. Оқиға салдарынан 5 әйел мен бір ер адам қайтыс болды. 28-і ауыр жарақат алды. Ал күдіктінің өзіне полицияға қарсылық көрсету кезінде оқ тиіп, атқыш жансақтау бөлімшесінде жатыр.
Айта кету керек, кейбір ресейлік ақпарат көздерінің хабаралуынша, Тимур Бекмансұров операция кезінде жан тапсырған.
18 жастағы Тимур Бекмансұров биыл ғана Пермь мемлекеттік ұлттық зерттеу университетінің заң факультетіне оқуға түскен. Өзге талапкерлер оқу жылының алдында дәптер-қаламын түгендесе, қаскөй қару-жарағын саптаған. Наурызда аңшылық қаруына лицензия алыпты. Ал 27 тамызда дүкенде бытыралы мылтыққа арналған 105 патронды сатып алып жатқан сәті бейнебақылау камерасына түсіп қалыпты. Бұл туралы қайғылы оқиғаның алдында ол әлеуметтік желідегі парақшасында да жазды.
«Мен бұл туралы ұзақ ойландым. Жылдар өте іске кірісетін уақыт келгенін түсіндім. 10-сыныптан бастап қаруға ақша жинай бастадым. 2021 жылдың наурыз айында қару сатып алуға қаражатым жеткілікті болды. Сондықтан 18 жасқа толған соң лицензияға қол жеткізуге асықтым», - деп жазған Тимур Бекмансуров өз парақшасында.
Бұл Тимурдың мектеп бітіру кешінен үзінді. Сыныптастарымен бірге тыныш қана қоштасу әнін орындап тұрғанын көруге болады. Десе де, онымен бір мектепте оқыған таныстары қаскүнемнің бірнеше рет «барлығын атып саламын» деп сес көрсеткенін еске алады.
«Мұғалімнің үштік баға қойып бергені есімде. Ол ашуға булығып, ұстазға «Қару сатып алған кезде, есемді қайтарамын» деп айтты. Қазір осы сәтті сыныптастарымызбен еске алдық. Ол кезде оның шынымен де мұндай зұлымдыққа баратынына сенбедік. Жай сөз деп ғана қабылдадық», - деді Т. Бекмансуровтың сыныптасы Дарья.
«Өзін біртүрлі ұстайтын. Нацисттік ауытқулары болатын. Гитлер жайында жиі айтатын еді. Адамдарды биоқоқыс деп санайтын. Есірткіге әуес болғаны есімде», - де»ді Т. Бекмансуровпен бір мектепте оқыған танысы Эльвира Зарипова.
Ал қаскөйдің ата-анасы ажырасқан. Тимур анасымен Пермь қаласындағы көпқабатты үйде тұрыпты. Ол баласының мұндай қатыгездікке барғанына әлі де сене алмай отырғанын айтады.
«Таңертең сағат 8-де ұлым маған «Қайырлы таң» тілеп, жұмысқа шығарып салды. Ешқандай ұрыс-керіс болған жоқ. Ол өте сабырлы бала. Үйден көп шықпайтын. Жаман әрекетін байқамаппын», - деді Т. Бекмансуровтың анасы Наталья Бекмансурова.
Бүгін Пермь қаласында аза тұту күні. Қайғылы оқиғаға байланысты Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көрші елдің басшысы Владимир Путинге телефон арқылы көңіл айтты.
Еске салсақ, осыған ұқсас жағдай мамырда Ресейдің Қазан қаласында да болған еді. 19 жастағы жігіт мектеп ішіндегілерге оқ жаудырып, 9 адам қаза тапты.
Сымбат Ноғай, «Алматы» телеарнасы