Мәскеуде қазақстандық талантты студент көз жұмды

27.02.2019 00:01

Мәскеудегі Қазақстан елшілігі ресейлік әріптестерінен осы оқиғаны бақылауға алуын сұраған

Коллаж tengrinews.kz

Мәскеу мемлекеттік университетінде оқып жүрген Қазақстан азаматы көз жұмды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алдын ала мәліметтерге сенсек, химия факультетінің 5-курс студенті Тамирлан Қырыбаев жатақхана есігіне галстугын байлап, асылып қалған. Ілініп тұрған 24 жастағы азамат шалажансар күйде табылғанымен, кейіннен қайтыс болған. Әзірге оның мұндай қадамға баруына не себеп болғаны белгісіз.

Мәскеудегі Қазақстанның елшілігі ресейлік әріптестерінен осы оқиғаны бақылауға алуын сұраған. Тергеу амалдары да басталып кеткен. Ломоносов атындағы жоғарғы оқу орнының химия факультетінде оқыған Тамирлан болашағынан зор үміт күттірген жас ғалым еді дейді еліміздің Сыртқы істер министрлігінің өкілдері.  

«Тамирлан Қырыбаевтың өліміне байланысты Мәскеу қаласының Батыс әкімшілік округы Тергеу басқармасының Никулинский ауданаралық тергеу бөлімі тергеуге дейінгі тексерісті бастады. 26 ақпанда Қазақстанның елшілігі Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрлігіне ресми түрде хабарласып, бұл істі бақылауға алуды және жан-жақты қолғабыс көрсетуді сұрады», – деді ҚР СІМ ресми өкілі Айбек СМАДИЯРОВ.

Айта кетейік, бұл аталмыш оқу орнындағы қазақстандықтардың алғаш көз жұмуы емес. Естеріңізде болса, өткен жылдың сәуір айының ортасында төртінші қабаттан отандасымыз Томирис Байсафа құлап, арада екі жеті өткенде жансақтау бөлімінде дүние салған еді. Бойжеткеннің мұндай әрекетке баруына жақын досы себепкер болды деген болжам да айтылған болатын. Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың сөзінше, осы оқиғаға байланысты үш тергеуші бірінен соң бірі ауысқан. Сондықтан университет жатақханасында сол мезетте нақты не болғаны әлі де анықталмай отыр.