4 адам ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілді
Алматы облысында жолаушылар автобусы жеңіл көлікпен соқтығысты. Соның салдарынан 4 адам ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Ал 3 адам оқиға орнында тіл тартпай кетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Апат Алматы – Бішкек тасжолында сағат 22:00 шамасында болған. Жеңіл көлік жүргізушісі тізгінге ие бола алмай, қарсы жолаққа шығып, жолаушыларға лық толы автобустың астына барып, жаншылып қалған.
«Қазір екі науқастың жағдайы өте ауыр. Жеңіл көліктің 25 жастағы жүргізушісі – Алматы облысының тұрғыны. Ол бірнеше жерінен жарақат алған. Балтыр сүйегінің сынуына байланысты ота жасалып, қазір хирургия бөлімінде емделіп жатыр», – дейді Жамбыл ауданы орталық ауруханасының бөлім меңгерушісі Тимур Құрбанбаев.
Облыстық Полиция департаменті мамандары қазір бұл іс бойынша тергеу жұмысы басталғанын мәлімдеді. Автобустағы жолаушылардың бәрі де дін аман.
«Автобус жолаушылары оқиға кезінде зардап шекпеген. Аталған дерекке сәйкес ҚК 345-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – дейді Алматы облысы Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Әбілтай Әбенов.