Ол өз кінәсін мойындады, уақытша ұстау изоляторына қамалды
Жамбыл облысы Саудакент ауылында 22 жастағы жігіт 5 адамды атып тастады. Оқ тиген 20 мен 24 жас аралығындағы жігіттер Сарысу аудандық ауруханасына жеткізілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі nur.kz-ге сілтеме жасап.
Полицияның мәліметінше, ауыл жастарының арасында кикілжің туындаған. Келіспеушіліктің аяғында күдікті бір топ жігітті 16-калибрлі қарумен атқан. Шамамен 30 метр жерден атылған бытыра 5 жігітке тиген.
Оқ екеуінің аяғын, біреуінің ішін жаралаған. Үшеуі қазір аудандық ауруханада ем қабылдап жатыр. Ал қалған екеуі Тараз қалалық көпбейінді ауруханасына жеткізілген. Оқ екеуінің де басына тиіп, біреуінің миына қан құйылған. Қазір олар жансақтау бөлімінде ауыр халде жатыр.
Жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында 22 жастағы күдікті ұсталды. Ол кінәсін мойындады, уақытша ұстау изоляторына қамалды.