Елордада коммуналдық кәсіпорынның бұрынғы қызметкерлері бюджеттен 1,8 млрд теңге жымқырған

22.05.2020 19:41

Мұндай ақпаратты шаһардағы экономикалық тергеу департаменті таратып отыр

Фото: Тұрар Қазанғапов

Нұр-Сұлтанда коммуналдық кәсіпорынның бұрынғы қызметкерлері ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, бюджеттің 1,8 миллиард теңгесін жымқырған деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Мұндай ақпаратты шаһардағы экономикалық тергеу департаменті таратып отыр. Заңбұзушылық QAZYNA жедел алдын алу шарасы барысында анықталған. 

Ұйымдасқан қылмыстық топ 2012 мен 2019 жыл аралығында бюджеттің ақшасын қалтасына басқан болуы мүмкін. Қазір аталған факт бойынша «аса ірі көлемде өзгенің сеніп тапсырған мүлкін иемдену немесе ысырап ету» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Бұдан бөлек, күдіктілер «Қылмыстық жолмен табылған мүлікті иемдену немесе өткізу» және  «Қылмыстық топ құру және жетекшілік ету» баптары бойынша да тергеліп жатыр.