Еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі осындай мәлімдеме жасады
Нұр-Сұлтанда өткен жиында ведомствоның Индустриалды даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті өкілі Нығметжан Мақажанов табиғатқа зиян келтірген апатқа қытайлық компанияның жұмысшылары кінәлі деген мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Шетелдік жұмысшылар ұңғыманы салу құрылысы кезінде өндірістік бақылау жүргізбей, нұсқаулардағы талаптарды өрескел бұзған. Сондай-ақ, арнайы комиссия кен орнындағы апаттың тағы бір себебі – жұмысшылардың қажетті дәрежеде маманданбауында деді. Нығметжан Мақажанов оқиғаның мән-жайы туралы акт толтырылып, тергеу материалдарының құқық қорғау органдарына тапсырылғанын айтты.
«Материалдарды қарастыру барысында «СИ БУ» инженерлік компаниясының ұңғыманы бұрғылау кезінде өнеркәсіптік-қауіпсіздік талаптарын бұзғаны анықталды. Ал, бұл газ бен судың шығуына алып келгенін комиссия нақты анықтады. Мердігер ұйым ұңғыманы салуға арналған техникалық жобаны, мұнай және газ ұңғымаларын бекіту жөніндегі әдістемелік нұсқаулардың талаптарын бұзып, цементтің қатуын күтпеген, сол себепті оның сағасы мерзімінен бұрын ашылған», – дейді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі комитет төрағасының орынбасары Нығметжан МАҚАЖАНОВ.
Естеріңізде болса, кен орнында 13 наурызда 900 метрлік ұңғымадан су аралас газ атқылаған болатын. Қанша күш салынса да, еш нәтиже шықпай, 12 күн өткенде апат соңы өртке ұласты. Үш күн бойы лаулаған өртті 25 техника мен 80 өрт сөндіруші әрең өшірген. Апат мемлекетке 98 миллион теңгеден артық шығын әкелді.