Шығыс Қазақстан облысында тасжолда екі көлік соқтығысып, 4 адам ауруханаға түсті, деп хабарлайды Almaty.tv.
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, оқиға «Шемонаиха-Усть-Таловка» тасжолының сегізінші шақырымында болған.
«Lаda көлігінің жылдамдықты рұқсат етілген шектен асырып жіберген 50 жастағы жүргізушісі рульді басқара алмай қалып, қарсы жолаққа шығып кетті. Соның салдарынан 57 жастағы азамат тізгіндеп келе жатқан Chevrolet Niva көлігімен бетпе-бет соқтығысқан. Жол апатынан екі жүргізуші және көліктерде отырған 2 жолаушы зардап шекті», - делінген ақпаратта.
Қазіргі уақытта 4 адам Шемонаиха аудандық ауруханасына жатқызылды. Тәртіп сақшылары ҚР Қылмыстық Кодексінің 345-бабы 1-бөлігіне (Абайсызда денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтіруге әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде.