30 метр қашықтықта бөлінген мұздың үстінде қалып қойғаны белгілі болды
Қапшағайда мұз жарылып, 12 балықшы су ортасында қалып қойды. Оқиға орнына құтқарушылар дереу жетіп, адамдар аман қалған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жексенбілік демалысты балық аулауға арнағысы келгендердің Алматы тұрғындары екені анықталды. Төтенше жағдайлар департаментінің дерегінше, оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ.
«Қонаев қаласының жедел құтқару жасағының қызметкерлері жіберілді. Шақырылған орынға келген бойда балықшылардың жағадан шамамен 30 метр қашықтықта бөлінген мұздың үстінде қалып қойғаны белгілі болды. Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары мұз үстінде қалып қойған балықшыларды жүзу құралдарының көмегімен жағаға шығарды», – деді ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері Дидар Асқарбекұлы.