Алматыда “Lexus” жүргізушісі әкімшілік кодекстің алты бабы бойынша жауапқа тартылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Алматы полициясы әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылықтарды анықтау мақсатында әлеуметтік желілерді кеңінен бақылау тәжірибесін жалғастыруда.
«Мотоциклистің тіркеушісіне “Lexus” көлігінің жүргізушісі жол ережесін өрескел бұзып, жолда өзін өте нашар ұстаған фактілері түсірілген. Егер жолда жаяу жүргінші немесе кішкентай балалар да жүруі мүмкін деп болжасақ, бұл қылмыс. Бақытымызға орай, ештеңе болмады. Біздің қызметкерлер қылмыскерді тез анықтады. Бұл – 1999 жылы туған ер азамат. Оған қатысты 6 әкімшілік хаттама толтырылды: ҚР ӘҚбК-нің 599-бабы 1-бөлігі бойынша екі хаттама, ҚР ӘҚбК-нің 601-бабы 1-бөлігі бойынша екі хаттама, ҚР ӘҚбК-нің 595-бабы 1-бөлігі бойынша екі хаттама. Сонымен қатар, жүргізуші жол ережесін бұзып, велосипед жолында қозғалыс жасағанын ескерсек, оның заңсыз әрекеттері ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Бірақ бұл уақытта велосипедшілердің, самокатшылардың ешқайсысы велосипед жолымен жүрмеді», – деді Алматы қалалық ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Манап Саттаров.