Алматы облысында ірі жол апаты болды

15.01.2021 20:20

Жол-көлік оқиғасы 14 қаңтарда сағат 19.40-та болған

Almaty.tv

Алматы облысында бірнеше көлік соғылып, олардың жүруі қиындаған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жол апаты Алматы-Қапшағай тас жолында болған. Әлеуметтік желіге тараған видеода жүргізушілердің жоғары жылдамдықпен келе жатып, кейін бірден тоқтамақ болған сәтте соқтығысып қалғаны көрінеді.

Жол апаты орын алған кезде қатты тұман болып, қоқыс полигоны жанып жатқан. «Қазавтожол» өкілдері осы жағдайға қатысты пікір білдірді. Компания мәліметінше, жол-көлік оқиғасы 14 қаңтарда сағат 19.40-та болған. Бастапқыда МАН көлігінің жүргізуші жоғары жылдамдықпен келе жатып, алдындағы көлікке барып соқтығысқан. Сосын олар қарсы жолақпен келе жатқан бес көлікпен түйіскен. Оқыс оқиға салдарынан үш жолаушы зардап шегіпті.

Еске салайын, 2020 жылдың маусым айында дәл осы Алматы-Қапшағай тас жолындағы полигон өртеніп, жолды тұман басуының кесірінен 8 көлік соқтығысып, 7 адам зардап шеккен еді. Қоқыс алаңында тұтанған тілсіз жау екі күн тоқтаусыз жанып, айналадағы ауылдарды да түтін басқан болатын.