Су құбырындағы апат: Балқаш тұрғындары 3 күннен бері сусыз отыр

06.04.2023 19:45

Мұны пайдаланған кәсіпкерлер дүкендегі ауыз суды қымбаттатып жіберген

Almaty.tv

Балқаш тұрғындары үш күннен бері ауыз сусыз отыр, деп хабарлайды Almaty.tv. 

Қалада орталық құбыр жарылып, жөндеу жұмыстары ұзаққа созылған. 80 мыңға жуық адам су тасып ішуге мәжбүр. Мұны пайдаланған кәсіпкерлер дүкендегі ауыз суды қымбаттатып жіберген. Қаладағы оқу орындары қашықтан оқуға көшкен. Ал жауаптылар жөндеу жұмысының қашан аяқталатынын, судың қашан берілетінін нақты айта алмай отыр.

«Күнделікті тамаққа, ішкенге суды сатып аламыз. Дүкендерде тіпті сатып алатын су да болмай қалады. Күніне жоқ дегенде 4 бөтелке су кетіп жатыр», – дейді тұрғындар.

Ал әкімдіктегілер құбырды жөндеу кезінде қиындық туғанын айтады. Қазір апат болған жерде қазу жұмыстары жүргізіліп, техниканың көмегімен су сорылып жатыр.

«Диаметрі 800 мм құбырдағы камерасынан 300 мм іргелес ысырмасынан ақау себебі анықталды. Қазіргі уақытта ысырманы ауыстыру жұмысы жүргізіліп жатыр. Жұмысты Балқаш су мекемесінің бригадасы орындауда. Жағдай қала әкімнің жеке бақылауында», – деді Балқаш қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Темірлан Игембаев.

Қалаға ауыз су кеше шамамен кешкі сағат 18:00-де берілуі керек еді. Алайда жөндеу жоспарланған уақытта аяқталмай, тұрғындар үшінші тәулік сусыз отыруға мәжбүр.

Диана Сапарқызы, Дастан Шанин, «Алматы» телеарнасы