Көлсайда жол апатына ұшыраған туристердің арасында шетелдіктер бар

06.10.2023 19:45

Автобус жүргізушісі Кеген ауданы уақытша ұстау изоляторына қамалды

azattyq-ruhy.kz

Алматы облысында апатқа ұшыраған автобустан 34 турист зардап шегіп, бір адам қайтыс болды. Олардың ішінде 12 жолаушы ауруханаға жеткізілді. Туристердің жағдайын мамандар ауыр деп бағалады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Azattyq Ruhy агенттігіне сілтеме жасап.

5 қазан «Қайыңды-Саты» таулы автожолы бойында 47 жастағы автобус жүргізушісі қарсы бағыттағы қозғалысқа шығып, 1997 жылы туған О. есімді азамат басқарып келе жатқан «УАЗ» автокөлігімен бетпе-бет соқтығысқан.

Жол апатынан зардап шеккен 35 адамның ішінде Үндістан және Ресей азаматтары бар.

«Жол-көлік оқиғасы салдарынан 36 жастағы жолаушы оқиға орнында дене жарақатынан қайтыс болды. Барлық зардап шеккендерге алгоритм бойынша толық көлемде жедел медициналық көмек көрсетілді. Зардап шеккендер саны 20 әйел мен 14 ер адам. Оқиға орнына 13 жедел жәрдем бригадасы және 1 ТМҚК бригадасы (28 қызметкер және 14 санитарлық автокөлік бірлігі) жіберілген», - деп хабарлады Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Кеген аудандық ауруханасында 1, Шелек ауылының аудандық ауруханасына 2, Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасына 9 науқас ем қабылдауда, жағдайлары орташа ауырлықта. Бұл факт ҚР ҚК 345-бабының 3-бөлімінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бойынша Кеген ауданының ПБ-да тіркелді.

«Жол-көлік оқиғасының барлық мән-жайларын объективті зерттеуге бағытталған сараптама тағайындаумен қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Автобус жүргізушісі Кеген ауданы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Істі тергеу барысын облыстық полиция бастығы бақылауға алды. Бұл мәселе Алматы облысы әкімінің бақылауында», - деді әкімдіктің баспасөз қызметі.