Алматыда тікұшақтың құлауына қатысты тергеушілер 3 түрлі болжам айтты

18.01.2019 22:30

Тікұшақ апатынан қайтыс болған ұшқыштың бас сүйегі сынып, аяғы үзіліп кеткен. Ал көліктегі Полиция департаменті кеше кешке орын алған апатқа қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодекстің 344-бабына сәйкес іс қозғады. Қолайсыз күнде көке көтерілуге рұқсат берген Sky-service компаниясының басшылары аталған жайтқа қатысты әлі тіс жармай отыр. Құпиясы көп істің аражігін анықтау үшін арнайы тергеу тобы жұмыс бастады.

Тергеушілер тікұшақтың құлауына қатысты үш түрлі болжам айтып отыр. Ол техникалық ақау, қою тұман және соңғысы ұшқыштың қателігі. Бірақ әуе көлігінің сатып алынғанына, қолданысқа берілгеніне екі-ақ жыл болғанын ескерсек, қалған екі болжам апаттың орын алуына себеп болуы мүмкін. Көктен құлдилай құлап, тас-талқаны шыққан тікұшақ қалдықтары әлі жатыр. Бірақ аумақ жекеменшікте болғандықтан, БАҚ өкілдері үшін әзірге ішке кіру мүмкін болмай тұр.

Боралдай кентінен тау баурайына бет алған тікұшақтың не себепті Алатау шипажайын айналсоқтағаны да, тұманды сәтте тапсырысты неге қабылдағаны да белгісіз. VIP қонақтар мен қалталы туристер арқылы теңге табатын Sky-service компаниясының өкілдері әзірге ақпарат берер емес.

«Оның 4 мың сағат ұшу тәжірибесі бар. Дәл осы типтегі тікұшақпен 2 мың сағат ұшқан. Валентин Шитов өзінің 51 жасының 25-30 жылын аспанға арнаған.  Тікұшақтың багы толы еді. Қардың болуына байланысты өрт болған жоқ. Барлық өзге мәліметтер тергеуден кейін белгілі болады», – деді ҚР ІІМ Авиациялық және оқыс оқиғаларды тексеру басқармасының басшысы Нұрлан ЖҰМАСҰЛТАНОВ.

«Оқиға болардан бұрын 3 минут бұрын байланысқа шыққан. Бірақ ол не дегенін әзірге айта алмаймын» деді басқарманың бас тергеушісі. Ширек ғасырдан астам тәжірибесі бар ұшқыштың бас ми сүйегі сынып, аяғы тобығынан үзіліп кеткен.

«Бастықтардың арнайы бұйрығы бар, ешқандай журналистке кіруге болмайды. Ренжімеңіз. Жібермеңдер деген, болмайды», – деген күзетші тілшілерді апат аумағына кіргізбеді.

Франциялық «Еврокоптер-130» тікұшағы шағын, сағатына 220 шақырым жылдамдықпен 7 мың метрге биіктікке дейін қалықтай алады екен. Әуе көлігінің «Алатау» шипажайының кең, ашық гольф алаңына емес, шеттегі ағашқа соғылу себебі сияқты сан түрлі сұрақтың жауабы тек қара жәшіктегі құпия ашылған соң ғана анықталмақ.

Айта кетейік, кеше кешке Алматыда тікұшақ құлап, ұшқыш ауруханаға жетпей, жедел жәрдем көлігінде қаза тапқан еді.


Әмірболат Құсайынұлы, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы