Аталған деректер бойынша, Қылмыстық кодекстің 188-бабына (ұрлық) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр
Алматы облысының полицейлері 37 жылқы ұрлаған қылмыстық топты құрықтады, деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы облысында мал ұрлығына машықтанған қылмыстық топ өкілдері ұсталды. Қазіргі уақытта оларға 37 жылқыны ұрлады деген айып тағылып отыр. Қылмысты ашуға бағытталған жедел-іздестіру шаралары барысында тәртіп сақшылары өзгенің малын алып, оңай олжаны көздеген топ өкілдерінің жымысқы әрекеттерін әшкереледі. Тергеу барысында қаңтар-ақпан айларында Еңбекшіқазақ, Кеген және Ұйғыр аудандарының аумағында орын алған бірқатар жылқы ұрлығына қатысы бар деген күдікке ілінген 11 адам ұсталды.
«Ұсталғандардың жетеуі топтың негізгі мүшелері, яғни, ұрлау, ұрланған малды тасымалдау солардың міндеті болған. Ал қалған төртеуі – қолды болған малды сатып алушылар. Барлығы бір қылмыстық топтың мүшелері, жымысқы әрекеттерін іске асыру кезінде Алматы қаласындағы жалдамалы пәтерлердің бірінде тұрған. Дегенмен ол да кәсіби із кесушілерден жасырынуға мүмкіндік бермеді. Ұсталғандарға 37 жылқы ұрланған 8 ұрлық жасады деген айып тағылды. Барымташылар ұрланған малдың көбін сойып, етін сатып жіберген. Тексеру барысында тәртіп сақшылары барымташылар алған малдың бір бөлігін тірідей тауып, заңды иелеріне қайтарды», – деп хабарлайды Алматы облысы ПД Криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары полиция подполковнигі Дәурен Сәкенов.
Аталған деректер бойынша, Қылмыстық кодекстің 188-бабына (ұрлық) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Топ мүшелерінің осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысы бары тексерілуде.