Нұр-Сұлтанда полицейлер көпірден секірген жүкті әйелді құтқарды

04.10.2021 21:42

Оның мұндай қадамға не үшін барғаны анықталып жатыр

Видеодан кадр

Нұр-Сұлтанда полицейлер көпірден өзенге секірген жүкті әйелді құтқарып қалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Полиция капитаны Алмаз Құлтанов жексенбі күні Қабанбай батыр даңғылында қызметте жүрген. Ол шамамен, түскі сағат 12.00 шамасында «Есіл» өзені көпірінде оғаш қимыл жасаған қызды байқайды. Қыз жүріп бара жатып киімдерін шешіп, көпірден секірмекші болған. Тәртіп сақшысы бұл туралы дереу жедел басқару орталығының кезекшісіне хабарлайды. Кейіннен әйелді құтқармақ болып, көпірге қарай жүгірген.

«Көпірге баспалдақпен көтерілсем, қыз жоқ екен, секіріп кетіпті. Жүгіріп барып, суға секірдім. Қызды жайлап жағаға қарай шығардым. Жағада күтіп тұрған әріптесім маған көмектесті», – деді қалалық ПД патрульдік полиция полкінің қызметкері Алмаз Құлтанов.

Өзенге секірген әйелдің жасы 25-те. Қазір ауруханада, оның жүкті екені белгілі болды. Оның мұндай қадамға не үшін барғаны анықталып жатыр. Ал Нұр-Сұлтан Полиция департаментінің басшылығы қызметкердің ерлігін ескерусіз қалдырмаймыз деді.