Итті көлігіне байлап, сүйреген жүргізуші ұсталды

20.08.2020 19:48

Арқанмен байланған итті жүк көлігі сүйреп бара жатқан видео әлеуметтік желіде тарады

zakon.kz

Алматы облысында итті жүк көлігінің артына байлап, сүйреткен жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Қазір 37 жастағы тұрғынның үстінен 316-бабы («Жануарларға қатыгездік жасау») бойынша қылмыстық өндіріс қозғалды. 

Оқиға бүгін Құлжа тас жолының бойында болды. Арқанмен байланған итті жүк көлігі сүйреп бара жатқан видео әлеуметтік желіде тарады. 

Ұсталған азаматтың айтуынша, ол қоқыс тасумен айналысады. Иттің өлексесін көрген соң көлік жүргізуші оны адамдар жоқ жерге апарып тастағысы келген. 

Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ұсталған азамат Еңбекшіқазақ ауданының тұрғыны.

Айта кетейік, Қазақстанда жануарларды қорғауға және оларға қатыгездік көрсеткендерге жауапкешілікті күшейтуге бағытталған заң жобасы әзірленді. Қазір құжат қоғам талқылауына ұсынылған. 

«Қазіргі уақытта барлық жануарларға, оның ішінде, үй, жабайы және ауыл шаруашылығы жануарларына жауапкершілікпен қарау туралы бірде-бір заң жоқ. Жануарларға қатыгездік көрсеткен адамдар туралы хабарламалар әлеуметтік желілерде жиі кездесіп жатыр. Алайда, бүгінде Қазақстандағы жануарларға қатыгездік көрсеткені үшін тағайындалатын жаза тым жеңіл. Сондықтан, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасы бойынша, бірінші кезекте, жануарларды хайуанаттар бағында ұстауға қойылатын талаптарды қатаңдатуды алға қойып отырмыз», – деген болатын Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев.