Есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері елорда аумағында есірткі өткізумен айналысты деген күдікпен бір топ азаматты ұстады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Астана қаласының 38 жастағы тұрғыны есірткі және психотропты заттарды аса ірі көлемде өткізді деп айыпталып отыр.
«Қызметтік итті пайдалану арқылы санкциялы түрде жүргізілген тексеріс барысында ұсталған азаматтың жалдамалы пәтерінен 26 полиэтилен түйіншектері табылды. Сарапшының шешімі бойынша оның ішінде жалпы салмағы 2 келі 450 граммды құрайтын есірткі затының бары белгілі болды», - деді Астана қалалық Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы полиция полконигі Ерлан Жәкенов.
Сонымен қатар, бұрын сотты болған екі сыбайласы ұсталды.
Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК «Есірткі, психотропты және оларға ұқсас заттарды тасымалдау, жіберу немесе өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, алу, сақтау» бабы бойынша сот алды тергеу жүріп жатыр.
«Жыл басынан бері 105 есірткіге қатысты құқықбұзушылық ашылды, оның ішінде 46 қылмыс есірткі заттарын аса ірі көлемде сақтау деректеріне сәйкес ауыр және аса ауыр деп бағаланып отыр», - деді Жәкенов.