Жерасты автотұрағында тұрған көліктер өртеніп кетті: тұрғындар күзет қызметіне наразы

Almaty.tv
Almaty.tv
Оқиға таңертең сағат 6:20 «Алтын бұлақ» тұрғын үй кешенінде болған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін таңертең Алматыда тұрғын үй кешеніндегі жер асты автотұрағында өрт шығып, 2 көлік түгі қалмай жанып кетті. Сол қатарда тұрған тағы бір қымбат машина зақымдалған. Оқиға «Алтын бұлақ» тұрғын үй кешенінде болды. Жергілікті тұрғындар мұндай келеңсіз жағдайдың орын алып тұрғаны бірінші рет емес дейді. Бір күні көлік тоналса, енді бір күні велосипед ұрланады екен. Ай сайын күзетшілерге ақы төлеп отырса да, қауіпсіздік қамтамасыз етілмейді деп ашынады олар. Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын мәселенің мән-жайын толығырақ айтып берсін.

Жұрттың тұрғын үй кешеніндегі қауіпсіздік саласы қызметкерлеріне өкпесі қара қазандай. Себебі тұрақтағы көліктерін ешкім күзетпейді, бейнебақылау камералары атымен жоқ, кіреберіс ішінде тазалық та мүлде сақталмайды дейді тұрғындар. Жерасты көлік тұрағы қаңғыбастардың ордасына айналған. Бұл жер түнде көше кезгендер мен тәртіпсіз жастардың мекені болады екен.

«Біз бұл мәселені айтып келе жатқанымызға көп болды. Тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығы үшін ешқандай жағдай жасалмаған. Міне, соның бүгін нәтижесін көріп отырмыз. Екі көлік өртенді. Мұндағы басшыларға мәселеге назар аударып қарау үшін бір төтенше жағдай болуы керек еді. Бұл көліктің орнында менің де көлігім болуы мүмкін еді», – деді қала тұрғыны Әсел Әділғалиева.

Өрт алдымен осы көліктен шыққан. Кейіннен қызыл жалын жанында тұрған мына көлікті шарпыған. Арғы жағындағы автокөлікке де зақым келген. Тұрғындардың айтуынша, газдың иісі жоғары 16-қабатқа дейін жеткен. Ал, сол өрт болатын таңда жоғарыдағы дабыл қаққыш құрылғылардың барлығы да істен шығыпты.

Таңғы сағат 06.00 шамасында басталған өрттен көліктердің сау тамтығы қалмаған. Бұдан кейін тұрғындар темір тұлпарларын тұраққа қоюдан да қорқып қалыпты. Себебі күзетшілердің алаңғасарлығынан төтенше жағдай тағы да қайталана ма деп қауіптенеді.

«Күзетшілердің бәрі 70 асқан үлкен кісілер. Мас, жұмыс кезінде ішіп жүреді. Видеосы да бар бізде. Кешкілік уақытта қыздарымызды далаға жіберуге қорқамыз. Күзетшінің өзіне күзетші керек бізде», – деді қала тұрғыны Гүлнар Смайлова.

Бастапқыда өртті күзетшілердің өздері сөндірмекші болыпты. Кейіннен қызыл жалын дес бермегеннен кейін ғана төтеншеліктерді шақыртқан. Алдын-ала болжамға сәйкес, өрт көліктегі сымдардың тұйықталауынан болуы мүмкін.

«Өрт шыққан аймаққа газ-түтіннен қорғау қызметі бірден жетті. Қызыл жалынды ауыздықтауға 18 қызметкер мен 5 техника жұмылдырылды. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Қазір өрттің неден тұтанғаны анықталып жатыр. Зерттеу нәтижесі 10 күнде дайын болады», – деді Алмалы аудандық ТЖБ инженері Руслан Қасенов.

Өртенген көліктер мен зақым келген машинаның шығыны қалай өтелетіні әзірге белгісіз. Бар жағдай сараптама қорытындысы шыққаннан кейін ғана анықталады дейді мамандар.

Ұлағат Арғын, Ғани Қалуов, «Алматы» арнасы

Новости партнеров