IIM: Өзіне қол жұмсаған курсанттың өліміне қатысты кешенді тексеріс жүріп жатыр

28.12.2020 19:51

Ол туралы министрліктің кадр саясаты департаментінің бастығы айтты

Almaty.tv

Ішкі істер министрлігіне қарасты Алматы академиясында курсанттардан жүйелі ақша жинау фактілері анықталмаған. Ол туралы министрліктің кадр саясаты департаментінің бастығы айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ведомство өкілінің мәлімдеуінше оқу орнының оқытушылары мен курсанттары арасында моральдық және психологиялық ахуал да зерделеніп жатыр. Естеріңізге сала кетейік, жақында академияның курсанты өзіне қол жұмсап, қайтыс болған еді. Қазіргі уақытта оқиғаға қатысты кешенді тексеріс жүріп жатыр.

«3-курс курсантының өлімі бойынша кешенді тексеру аясында әлеуметтік зерттеу жүргізілді. Соның негізінде анықталғаны Өтегенов өзінің курстастарынан әртүрлі көлемде қарызға ақша алып отырған. Сондай-ақ, букмекерлік компанияларда ұтысқа ақша тіккен. Ата-анасының айғақтарының ақиқаттылығы мен академиядағы оқу-тәрбие жұмыстарының ұйымдастырылуы, ұжымдағы моральдық-психологиялық жағдай тексеріліп жатыр», – деді ҚР ІІМ Кадр саясаты департаментінің бастығы Айдар Сайытбеков.

Сонымен қатар, министр Ерлан Тұрғымбаев академияның ішкі ахуалымен танысу барысында жақын уақытта оқу орнына жаңа басшы тағайындалатынын жеткізді. Бұған дейін бөлімшеде жұмысты ұйымдастыруда тиісті бақылаудың болмағаны үшін бірқатар басшылар мен қызметкерлер жазаланғаны туралы хабарланған еді.