Таразда жүргізуші 4 адамды қағып кетті: екеуі қаза тапты

15.09.2021 19:52

Қазіргі уақытта тергеу шаралары жүргізіліп жатыр

NUR KZ

Таразда жантүршігерлік жол апаты орын алды. Қаланың орталық көшелерінің бірінде жүйіткіген көлік, аялдамада тұрған 4  тұрғынды қағып, бірін жаншып өткен. Қаза болғандар бар, деп хабарлайды Almaty.tv

Оқиға таңғы сағат 6:50-лер шамасында болған. Зардап шеккендердің екеуі жедел жәрдем бригадасы жеткенше жан тәсілім еткен. Олардың бірінің жасы 40-45 тер шамасында болса екіншісі 60-тан асқан әйел. Ал, ауруханаға жедел жеткізілген 28 жастағы азаматша ем қабылдап үйіне шығарылған. 53 жастағы зардап шегушінің жағдайы нашар.

«1968 жылғы науқасымыз жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы өте ауыр. Оның 5 қабырғасы сынған және де миы шайқалған. Төменгі жақ сүйегі сынған. Екі тізесіндегі шеміршектерінің бәрі үзілген. Қазіргі жағдайы өте ауыр. Бірақ барлық көмекті аямай жасап жатырмыз», – деді Қалалық көпбейінді аурухана бас дәрігерінің орынбасары Сәкен Жұмашев.

Аталған іске байланысты қылмыстық іс қоғалған. Алдын ала мәлімет бойынша, қаққан жүргізуші 23 жастағы жігіт. Ол көлікті басқару кезінде ұйықтап кеткен болуы мүмкін.

«Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 345-бабы 4-бөлімімен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Полиция қызметкерлерімен жоғарыда аталған көлік жүргізушісі 23 жастағы Тараз қаласының тұрғыны анықталып, ұсталды», – деді Жамбыл облыстық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Бахыт Ратаев.

Қазіргі уақытта тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Бірқатар тиісті сараптамалар тағайындалған.

Мерей Бает «Алматы» телеарнасы