БҚО-да орман арасынан ер адамның денесі табылды

02.10.2019 19:53

Ол 20 қыркүйекте із-түзсіз жоғалған адам ретінде тіркелген болатын

Шыңғырлау ауданында орман арасынан ер адамның мүрдесі табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға Шыңғырлау ауылында орын алды. Кеше сағат 17.00-де ауылдың оңтүстік бөлігіндегі тоғай ішінен зорлықпен өлтірілген 1962 жылғы ер адамның жерге көміліп тасталынған денесі табылды. Марқұмның кім екендігі анықталды. Ол 20 қыркүйекте із-түзсіз жоғалған адам ретінде тіркелген болатын.

Қазіргі кезде оқиға куәгерлері мен қылмысқа қатысы бар адамдарды анықтау мақсатында кешенді жедел тергеу шаралары жүргізілуде.

ҚР ҚК 99-бабы 1-бөлігіне сәйкес (кісі өлтіру) қылмыстық іс қозғалды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да бір күнде үш адамның жол апаттарынан қаза тапқанын жазған болатынбыз.