Полиция қызметкерлері жануарларға қатыгездік таныту дерегін тергеп жатыр
Ақтаудан 50 шақырым жердегі Қарақия ойпатынан 30-ға жуық иттің өлексесі табылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жапан далада жатқан өлі жануарларды тұрғындар байқап, әлеуметтік желіге жүктеген. Қазір бұл жайтқа байланысты Ауыл шаруашылығы басқарамасынан арнайы комиссия құрылып, заң бұзған тұлғаларды анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жануарлардың өлексесі арнайы орында жойылып, аумақ дезинфекцияланған.
«Мұнайлы ауданының ветстанциясының мамандарымен барып, сол жерден 29 итті санап алдық. Өлтіріп тастап кеткен, газел машинасына тиеп алып келген, себебі көліктің ізі қалған. Иттерді дротикпен атқан екен. Қарақия, Ақтау, Мұнайлы шприцпен атады екен. Қазір тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деді Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Бердібек Марқабаев.