|
06.08.2019 | 18:47
2595

Нұр-Сұлтанда базар өртенді

Азық түлігі түгел жанып кеткен 30-дан астам бутик иесі не істерін білмей дал

Нұр-Сұлтанда базар өртенді

Тілсіз жау түнгі төрттер шамасында тұтанып, 500 шаршы метрді жалмап өткен. Абырой болғанда адам шығыны жоқ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алайда, азық түлігі түгел жанып кеткен 30-дан астам бутик иесі енді шығынын қалай өтейтінін білмей дал.

Қызыл жалын Алаш 34/1 мекенжайындағы Big Шанхай базарындағы жеке тұрған павильондардың бірінен шыққан. «Ярмарка» деп аталатын сауда қоймасында 34 дүңгіршек отқа оранды. Осылайша тілсіз жау 500 шаршы метрді жалмады. Бұл негізінен азық-түлік өнімдері. Алайда өрт болған аумаққа бізді кіргізбеді.

Зардап шеккендердің қатарында Батырхан Кепбай да бар. Темекі өнімдерін саудалаумен айналысатын ол «11 миллион теңгеге шығынға баттым» дейді. Алайда бұл соманы кім өтейтінін білмейді.

«Енді біраз тауарым жанып кетті. 11 миллиондай шығын болдым. Енді қалай не істейтінімді білмеймін. Сақтандырған жоқпын», – деді дүңгіршекті жалға алушы Батырхан КЕПБАЙ.

«Жалға алушымыз. Көкөністер сатамыз. Бірақ біз көп шығын болғанымыз жоқ, тек бір-екі қорап қызанақтың үстін жалын шарпыған. Өрт тоқтың тұйықталуынан шыққан дейді», – деді келесі бір сатушы.

Абырой болғанда, адам аман. Өртті сөндіруге Төтенше жағдайлар департаментінің 44 адамы мен 12 техникасы жұмылдырылған.  

«Бүгін түнгі сағат 3:49 кеткенде өрт қызметіне алаш тас жолының бойында «Биг Шанхай» базарында өрт болып жатыр деген хабарлама келіп түсті. Өрт сөндірушілер келген кезде сол аумақта жәрмеңке атты  қоймада өрт болып жатқаны анықталды. Бұл қоймада тағам сақтайтын дүңгіршектер өртенген.  Өрт сөндірушілердің үйлесімді жұмысының арқасында өрт 45 минутта ауыздықталды. Зардап шеккендер мен опат болғандар жоқ», – деді НҰР-СҰЛТАН қаласы ТЖД баспасөз хатшысы Аягөз ФАЗЫЛОВА.

Қазіргі кезде оқиға орнында өрт сөндірудің сынақ зертханасы жұмыс істеп жатыр. Қалалық полиция қызметі тілсіз жаудың себептері мен залалын анықтауда. Атап өту керек, саудагерлердің айтуынша, аталған базардағы павильондардың бірінде былтыр да өрт болыпты.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир