Меркі ауданында белгісіз жағдайда 3 айлық нәресте қайтыс болды

elements.envato.com
elements.envato.com

Олардың сөзінше, тергеу бітпеген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жамбыл облысы, Меркі ауданында белгісіз жағдайда қайтыс болған 3 айлық нәрестенің туыстары әділдік іздейді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Олардың сөзінше, тергеу бітпеген. Ал кінәлі болуы мүмкін дәрігерлер тек сөгіс алып, жұмысын жалғастырып келеді. Еске салсақ, сәби өткен жылдың қараша айында Меркідегі аудандық ауруханада көз жұмған еді. Жақындарының айтуынша, бүлдіршін қан сараптамасын алып жатқанда талып қалған. Кейін 5 сағат өткен соң жан сақтау бөлімінде жан тапсырған.

“Арнайы құрылған комиссия дәрігерлерге тек сөгіс жариялады. Менің ойымша бұл әділетсіз жаза. Қарапайым тексеріске келіп, құлыншағымыздан айырылып қалдық. Мұндай қайғыны әлемдегі ешбір ана бастан өткермесе екен деп тілеймін. Тек бақытты күн кешсек екен, дәрігерлер білікті жұмыс атқарсын”, – деді қайтыс болған нәрестенің туысы София Ратушина.

Тергеудің басталғанына 4 ай өтті. Тәртіп сақшыларының сөзінше, сараптама біткен соң күдіктілер анықталып, іс сотқа жолданады. Ал қайтыс болған бүлдіршіннің туыстары тергеу барынша әділ өтіп, кінәлілер лайықты жазасын алса дейді.

“Бұл іс бойынша ҚР ҚК 317-бабы 3-бөлігі (яғни  Медицина немесе фармацевтика қызметкерінің кәсіби міндетін тиісінше орындамауы)  бойынша тергеп тексеру басталды. Сот-медициналық сараптамасы тағайындалды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, өзге де тергеу деректері жария етілуге жатпайды”, – деді Жамбыл облысы ПД тергеу басқармасының басшысы Марат Бекболов.

Новости партнеров