ТЖМ су тасқыны қаупі бар өңірлерді атады

17.02.2022 20:00

Соңғы 5 жылда су тасқынынан еліміздің 10 өңіріндегі 165 елді мекен зардап шекті

Фото: ашық дереккөзден

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Төтенше жағдайлардың алдын алу департаментінің бастығы Рүстембек Әмрин су тасқыны қаупі бар өңірлерді атады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Қардағы су қорының мөлшерін, топырақтың күзгі ылғалдануын, топырақтың қату тереңдігін талдай отырып, сондай-ақ қар астында мұз қабығының болуын ескеріп, су тасқыны қаупі бар аймақтар анықталды. Тәуекелі жоғары өңірлерге СҚО, ШҚО, Ақмола, Қарағанды және Қостанай облыстары жатады. Орташа қауіпті аймақтарға: БҚО, Ақтөбе, Павлодар, Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстары кіреді», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында. 

Оның дерегінше, қазіргі уақытта қар жиналу процесі жалғасуда және су тасқынына түпкілікті болжам Қазгидромет тарапынан 1 наурыздағы жағдай бойынша дайындалып жатыр. 

«Соңғы бес жылда су тасқынынан еліміздің он өңіріндегі 165 елді мекен зардап шекті», - деді департамет бастығы.