Пәтер тонау қылмысы азайып келеді

08.08.2022 20:01

Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі Криминалдық полиция департаменті үшінші басқармасының аға жедел уәкілі Сағындық Жантеміров мәлім етті

Фото: ашық дереккөзден

Ел аумағында пәтер тонау қылмыстары азайып келеді. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі Криминалдық полиция департаменті үшінші басқармасының аға жедел уәкілі Сағындық Жантеміров мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Қабылданған шаралар нәтижесінде соңғы 5 жылда пәтер тонау қылмыстары 33,4 пайызға азайды. Егер 2017 жылы 37 мыңнан астам қылмысты тіркелсе, 2021 жылы 12 мың шамасында болды»,- деді С. Жантеміров онлайн брифингіде. 

Оның сөзіне қарағанда, биыл да аталған қылмыстардың азаюы байқалып отыр, яғни 4,4 пайызға төмендеген. Сонымен қатар, пәтер тонау қылмыстарының ашылу деңгейі 5,6 пайызға жақсарған. 

«Бөтеннің мүлкін ұрлауды кәсіп еткендер пәтерге бұзып кіру тәсілдерін үнемі жетілдіріп отырады. Олар заманауи техниканы, мобильді байланысты, арнайы құралдарды пайдаланады. Көп жағдайда пәтер тонау қылмыстары күндіз жасалады, яғни осы кезде үй тұрғындары жұмыста немесе оқуда болатыны белгілі», - деді ведомство өкілі.