Текелідегі қара жамылған отбасына баспана беру мәселесі қарастырылып жатыр

Almaty.tv
Almaty.tv
Құтқару қызметінің мәліметінше, зардап шеккен аймақ толық бақылауда
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Текелідегі қара жамылған отбасына баспана беру мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл туралы қала әкімі Батыр Молдахметов мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазір мұнда лай көшкінінен тазарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Сел салдарынан 4 үй қирап қалған, 6 тұрғын ұй бүлінген. Қазір зардап шеккендерге төтеншеліктер көмек көрсетіп жатыр. Ұйсіз қалғандар уақытша қонақ үйге жайғастырылған.

«Мен сел шайып кеткенде көршім монша жағып жатқан. Әйелі қорыққаннан қашып шығып, үйім қайда деп жатты. Күйеуі үй енді жоқ деп түсіндірді», – деді Текелі қаласының тұрғыны Әсет Әбдібеков.

Қираған қабырғаларды, шатыры түскен үйлерді қазір төтеншеліктер батпақтан тазартып жатыр. Құтқару қызметінің мәліметінше, зардап шеккен аймақ қазір толық бақылауда.

«Елдегі Төтенше жағдай министрі кешелі бері 100 әскери маманды жұмылдырып жатыр. Ұзынағаш кентінен келдік. Қиындықтар туындап жатқан жері, көше тар екен», – деді 28237 әскери бөлімінің бірінші құтқару батальонының командирі Мұратбек Бірманов.

Құтқару қызметі қираған қабырға астынан тауып алған қаршадай қыздың қазасы барша жұрттың қабырғасын қайыстырды. Оқиға орнына алғаш келген құтқару қызметі 5 жасар бүлдіршіннің мәйітін үйінді астынан алып шығыпты. Ал Жергілікті әкімдік марқұм қыздың отбасына материалдық көмек көрсетіп, қолдау білдіретінін айтып отыр.

«Жүрегім ауырып тұр. Баспана жағынан көмек береміз. Ал Алматы облысы әкімі Қанат Бозымбаев қазір қара жамылған отбасына баспана беру мәселесін қарастырып жатыр», – деді Текелі қаласының әкімі Батыр Молдахметов.



Новости партнеров