Ақтөбе тұрғыны мемлекетке 650 миллион теңге шығын келтірген. Қаржы министрлігінің Қаржы мониторингі агенттігі Ақтөбе облысында жалған шот-фактуралар жазған тұрғынның заңсыз әрекетін анықтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Ақтөбе тұрғыны 2017 жылы тоғыз фирма құрып, өз атына ЖШС ретінде тіркегені анықталды. Ол ҚҚС төлеуші ретінде есепке тұрып, заңды тұлғаны тіркеу рәсімінен өткен және екінші деңгейлі банктерде шот ашқан. Ол ЖШС арқылы ақшасын қолма-қол ақшаға айналдырғысы келетін контрагенттерді іздеп, заңсыз іспен айналысқан. Мемлекетке келген шығын сомасы 650 миллион теңгеден асады.
«Ақтөбе соты оны қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, ҚР ҚК-нің 216-бабы 3-бөлігі бойынша үш жыл алты ай мерзімге бас бостандығынан және 10 жыл мерзімге коммерциялық ұйымдарда басшы лауазымын атқару құқығынан айыру туралы үкім шығарды», – делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін Павлодар облысында жалған шот-фактураларды іс жүзінде істелмеген жұмысқа жазып беру дерегі анықталған еді. Мемлекетке шамамен бір миллиард теңге көлемінде залал келгені хабарланды.