Түркістан облысында ер адам құстарды атамын деп жасөспірімді мерт қылды

11.07.2023 00:36

Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр

polisia.kz

Абайсыздан ойын баласын атып өлтірді. Түркістан облысындағы жүзім алқабында жалдамалы жұмысшы құс деп ойлап, жеткіншекті жер жастандырды. Қайғылы оқиға 8 шілде күні Қазығұрт ауданында болған,  деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.


Түркістан облысындағы жүзім алқабында ажал құшқан Давран Каюмовтың жасы небәрі 7-де болған. Әкесі баласы жан тапсырған алқапқа 6 күн бұрын ғана жалдамалы жұмысшы ретінде орналасыпты. 8 шілде күні баласын ертіп, Қазығұрттағы баққа барған.

– Әкесі «Амангелді» шаруа қожалығында жалдамалы жұмысшы, жүзімді құстардан қорғайды. Ол жерде әкесінің нағашысы Қаражанов Шакир бірге болған. Ол да баласын ертіп барған. Құс атып жатқан кезде бала жылдамдықпен орыннан тұрған. Оқыс оқиға орын алды, – деді №28 жалпы орта мектебінің тәрбие ісі жөніндегі меңгерушісі Ғалымжан Нованов.

Әкесінің көз алдында басына оқ тиіп қайтыс болған Давранды Сарыағаш ауданындағы туған ауылы Ақжарда кеше жер қойнына тапсырды. Қазадан кейін ес жия алмай отырған ата-анасы жағдайға қатысты пікір білдіруден бас тартты. Қазір бұл іске қатысты полиция тергеуді бастады.

– Күдікті Сарыағаш ауданының тұрғыны полиция бөліміне жеткізілді. Аталған фактіге байланысты ҚР ҚК «Абайсызда қазаға ұшырату» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бұл баптың санкциясы 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімде бас бостандығынан айыру түрінде жаза қарастырады, – деді полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлнар Әбдіжаппарова.

Жұмысшылар қолындағы мылтықтың кімдікі екені әлі белгісіз. Полицейлер айтуынша, қару заңды. Осылай деген тәртіп сақшылары жүзім алқабының иесі де тергеуде жауап беретінін айтты. Себебі алқапқа оқушылардың кіруіне рұқсат болған-болмағаны да әлі сұрақ күйінде қалып отыр.

Назерке Үкібасова, Елдар Жунусқанов, «Алматы» телеарнасы, Түркістан облысынан