50 жастағы ер адам есіктің алдында ессіз күйде табылды
Алматы полициясы екі адамды өрттен алып шықты, деп хабарлайды Polisia.kz.
“Буран-304” патрульдік полиция экипажының қызметкерлері Азамат Бегімбеков пен Бақыт Канетеев екі алматылықты құтқарды.
“Кешкі алты жарымда “102” пультіне Сүйінбай даңғылындағы төбелес туралы хабарлама келіп түсті. Біз дереу келдік, бірақ ешкімді таппадық. Өтініш берушіге қайта хабарласқан кезде, біз, төрт қабатты үйдің үшінші қабатындағы пәтерден шу мен айқайдың шыққанын білдік. Иелерінің есігін қағуымыз нәтижесіз болды: ешкім есікті ашпады. Бұл бізге біртүрлі көрінді. Әріптесім екеуіміз ғимараттың арғы жағында жүріп, пәтерлердің бірінің терезесінен түтін пайда болғанын байқадық. Дереу өрт сөндірушілер мен жедел жәрдемді шақырдық”, – деді Бегімбеков. Бір минутті жоғалтпай Азамат Бегімбеков қолда бар құралдардың көмегімен есікті ашты. Бұл уақытта оның серігі аға сержант Қанитеев осы үйдің тұрғындарын эвакуациялап жатты.
“Есік ашылған кезде, 50 жастағы ер адам есіктің алдында ессіз күйде табылды. Тыныс алу қорғаныс құралынсыз, өміріне қауіп төндіре отырып, Бегімбеков зардап шегушіні тығыз және қауіпті түтінге толы аймақтан эвакуациялады. Артынша үш бөлмелі пәтердің түбінен жәбірленушінің ағасы – 1961 жылы туған Б.есімді ер адам шығарылды. Полицей зардап шеккендерді жедел жәрдем тобына тапсырды. Өрт сөндірушілер келгенде, жатын бөлмесінің бұрышында төсеніш өртенгенін анықтады. Өрт жеті минут ішінде жойылды. Алдын ала мәліметтер бойынша, шоғы сөнбеген темекі өртке себеп болуы мүмкін. Зардап шеккендерді құтқарған полиция капитаны Бегімбековтің өзі аздап уланған. Дәрігерлер қарап, медициналық көмек көрсеткен соң, ол жұмысына кірісіп кетті”, – деп қорытындылады Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті.