Заңсыз қызмет көрсеткен 20-дан аса сайт жұмысын тоқтатты

18.10.2022 в 20:07

Олар бірнеше заңды бұзған

Қазақстанда сәйкестік сертификаттарын алу бойынша заңсыз қызмет көрсеткен 20-дан аса интернет-ресурс жұмысын тоқтатты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Техникалық реттеу және метрология комитетіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, Қазақстандағы интернет-ресурстарда сәйкестік сертификаттары мен сәйкестік туралы декларацияларды жедел алу бойынша қызмет көрсететін консалтингтік компаниялар жұмыс істейтіні анықталған.

«Консалтингтік компаниялардың интернет-ресурстары кейбір жағдайда нақты сынақтарсыз сәйкестікті растау құжаттарын жедел алуға көмектеседі. Сондай-ақ бұл компаниялар Қырғызстанда құжаттардың ең аз пакетімен және қысқа мерзімде сәйкестікті растайтын құжаттарды алуды ұсынады. Осыған байланысты Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне аталған сайттарды жою бойынша шаралар қабылдауды сұрайтын хат жіберілді», - деді ТРМК төрағасы Қуаныш Елікбаев.

Осыған байланысты Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі интернет-ресурстарға мониторинг жүргізді.

«Нәтижесінде олардың «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы», «Жарнама туралы» заңдарын және «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексін бұзғаны анықталды. АҚДМ Қазақстан аумағында 22 интернет-ресурсқа қолжетімділікті шектеді. Сондай-ақ онлайн-жарнама платформаларынан заңсыз материалдарды жою үшйін ресурс иелеріне хат жолданды», - деп жазылған хабарламада.