Қардың қалың түсуіне байланысты Алматының әр ауданында ағаштар құлап жатыр, деп хабарлайды Алматы қалалық ТЖД баспасөз қызметі.
Бір тәулікте ағаштардың құлауынан сегіз апат тіркелген. «109» қызметінің құтқарушылары талдар құлаған мекенжайға жедел барып, оларды залалсыздандырып жатыр.
«Медеу ауданындағы «Пушкин көшесі, 127» мекенжайында құлаған ағаш көпқабатты үйдің кіреберісін жауып қалған. Бостандық ауданы «Көктем-3» ықшамауданында ағаш көлікті басып қалған. Құтқарушылар ағашты кесіп, KIA Carens автокөлігін ағаш құрсауынан босатты. Сонымен қатар, Алмалы ауданы Амангелді көшесінде де тал құлап, адамдардың жүруіне кедергі келтірген. Құтқарушылар автокранның көмегімен ағаштарды жерге түсіріп, кесті», - делінген ТЖД хабарламасында.