Алматыдағы супермаркетте жарылыс болып, күзетші әйел көз жұмған (видео)

19.02.2019 20:11

2018 жылдың желтоқсанында орын алған оқиғадан 45 жастағы күзетші әйел қайтыс болған

Алматыдағы «Арзан» сауда орталығында жылытқыш пеш жарылды. 2018 жылдың желтоқсанында орын алған оқиғадан 45 жастағы күзетші әйел қайтыс болған. Денесінің 80% пайызын күйік шалып, өмірімен қош айтысқан Майра Адаеваның қызы жанайқайын жеткізді, деп хабарлайды «Время» басылымына сілтеме жасаған NUR.KZ.

Айжан Нағашыбаеваның айтуынша, анасының өлімі жайлы шындық әлі айтылмапты. Күзетші әйелдің отбасының жанайқайына құлақ асар адам болмағандықтан, олар БАҚ-қа жүгінуге мәжбүр болған.

«Сол күні анам жұмысқа шықпау керек еді. Ол өзінің кезекшілігін бітіріп, үйге қайтуы керек болған. Алайда, маған анамның жұмыста қалуға өзі өтініш білдіргенін айтты.

Сондай-ақ, маған мекеменің іші суық болғанын да жеткізді. Ал жылыту пеші дәл анамның жанында жарылған. Анам үнемі жұқа кофтамен жүретін. Егер мекеменің іші суық болса, неліктен қызметкерлерге жағдай жасамаған?

Оқиғадан кейін мен анама қалай көмек көрсетілгенін, жағдайдың қалай болғанын көру үшін мекемеге бардым. Алайда, маған тек үш минуттық видеоны көрсетті. Қалғаны белгісіз.

Неліктен маған бейнежазбаны толық көрсетпейді? Олар не жасырып отыр? «Бейнекамера өте ыстық темперетурадан істен шықты» дейді. Анамның өлімін өзім анықтайын деген едім», - дейді Айжан Нағашыбаева.

45 жастағы күзетші әйел ауруханада 6 күн жатып, жансақтау бөлімінде қайтыс болған.

«Бізге алғашында «денесінің 80 % пайызы күйген. Үміт жоқ» деді. Артынша, анамның ағзасының мықты екенін айтты. Бірақ ертесіне анам өмірден өтті.

Анамды жерлер алдын кебіннің сыртынан аяғын ұстап көрдім. Анамның тек сүйегі ғана қалған.

Анамыздың өлімінен соң ағам бірден Бостандық аудандық полиция басқармасына барып, арыз жазды. Тергеу басталғанына 2-3 ай болғанымен, әлі күнге хабар жоқ.

Тергеушіні ұстау мүмкін емес. Ол бірде тойда жүреді. Бірде еңбек демалысында болады. Менің әділдікке қол жеткізгім келеді.

Қаладағы үлкен сауда орталығында орын алған өртке біреу жауап беруі керек шығар?», – деген бойжеткен материалдық шығын төленбегенін де айта кетті.

«Бұрын анам екеуміз жұмыс істейтінбіз. Әкеміз науқас. Ағамның тұрақты жұмысы жоқ. Мен автоқызмет орталығында администратор болып жұмыс істеймін. Мектепте оқитын сіңлім бар.

Маған сіңлім кәмелетке толғанша, қажеттіліктері үшін айына 20 мың теңге беріліп отырады деді. Сонда анамның құны 20 мың теңге ме?», – деп егіледі марқұмның қызы.

«Время»  басылымы «Арзан» сауда орталығына хабарласқанымен, мекемедегілер тергеу аяқталмайынша ешқандай сұраққа жауап бермейтінін айтқан.

Сондай-ақ, «Арзан» сауда орталығының мәліметінше, Майра Адаева мекеме қызметкеріне жатпайды екен. Ол жеке күзет орталығының қызметкері болған.

Осы жауаптан кейін басылымның редакциясы «Отряд 001» күзет қызметіне хабарласқан. Алайда, бұл күзет агенттігі де әлі күнге жауап бермепті.

Басылым журналистері Бостандық аудандық полиция басқармасына да сұраныс жіберіпті. Құқық қорғау қызметкерлері «Арзан» сауда орталығындағы жарылысты растағанымен, қалалық прокуратураның рұқсатынсыз тергеу мәліметтерін жариялай алмайтынын мәлім еткен.