Талғар ауданына қарасты Жаңа Қуат тұрғын үйлер қалашығында алапат өрт болып, бірнеше отбасы қыстың ортасында баспанасыз қалды. Бүкіл дүние мүлкінен айырылған азаматтар туыстарын паналауға мәжбүр. Қызыл жалын неден тұтанды? Күәлер мен өртсөндірушілер не дейді? Оқиға орнынан Almaty.tv тілшісі Оразай Нұртайдың репортажы.
Таң атқанда қазқатар салынған үйлердің бірінен тұтанған жалынды бастапқыда ешкім байқаған жоқ. Тұрғындар тәтті ұйқыға батса керек. Қызыл жалын болса, тек өрши берді. Шатырдан басталып, тез жанатын материалдарға ауысқан. Осылайша әп-сәтте өрт әжеп-тәуір аумақты қамтыған.
Алапат өрт бірнеше үйді жалмаған. Салдарынан пәтерлер тұруға жарамсыз болып қалды. Қыстың көзі қырауда баспанасыз қалған тұрғындар қажетті заттарын ғана алып, қауіпсіз жерлерге көшіп жатыр.
Абырой болғанда, адам шығыны жоқ. Өрт сөндірушілер жеткен бойы, адамдарды эвакуациялауға кірісті. Құтқарылғандардың ішінде алты бала бар. Мамандардың айтуынша, өрт сымдардың тұйықталуынан болған.
«Өртті сөндіруге 18 қызметкер мен 5 техника жұмылдырылды. Зардап шеккендер жоқ. Өрттің басталу себебі тоқ көзіндегі ақаулардан болып отыр. Алдағы уақытта тұрғындардан қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауын сұраймыз», – деді Облыстық ТЖД басшысының орынбасары Ерлан Ахашев.
Бастпақыда тұрғындар, өртті өз күшімен сөндірмек болыпты. Соған қарамастан жалын, көрші үйлерді шарпыған.
«Негізі шам жана бастаған сәтте өрт сөндірушілерге хабарласа бастадым. Күйеуім мен жақын жердегі жігіттер өрт сөндірмек болдық. Өрт сөндірушлерді көршілерім көмекке келгенге дейін шақырып қойғанмын. Өрт сөндірушілер 20-30 минут ішінде келді. Олар келгенше өрт көршілерге жетті», – деді Талғар ауданының тұрғыны Рауан Қалмұханбетова.
«Шатырдың лапылдап жатқанын көре сала, құжаттар мен қолға ілінгенді ала салып сыртқа қарай ұмтылдық. Киім-кешектен басқа дүние мүлкімізден ештеңе қалмады», – деді Талғар ауданының тұрғыны Кристина Святодух.
Бар жинап тергенінен айырылған адамдар пәтер жалдауға, не туыстарын паналауға мәжбүр. Жергілікті билік өкілдері, сараптама қорытындысы белгілі болғанша күте тұруды сұрапты. Әзірге зардап шеккендерге туыстары мен сол ауылдың жомарт азаматтары ғана көмектесіп жатыр.
Оразай Нұртай, Сағынғали Мұңайтбасов «Алматы» телеарнасы