Тергеу амалдары жалғасуда
Маңғыстау облысында жолдың жиегінен ер адамның денесі табылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Мұнайлы аудандық полиция бөлімінің кезекші бөліміне Жаңа Дәулет кентіндегі жолдың жүру бөлігінің жанынан дене жарақаттары бар ер адамның мәйіті табылғаны туралы хабарлама келіп түсті.
Сол күні аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігі (Адам өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Полиция қызметкерлері Жаңа Дәулет кентінің 67 жастағы тұрғынын өлтірді деген күдікпен 35 жастағы ер адамды ұстады. Тергеу сотының санкциясымен күдіктіге қатысты екі ай мерзімге “күзетпен ұстау” түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.
Тергеу амалдары жалғасуда. Алдын ала болжам бойынша екі жүргізуші бір-біріне жол бермей, арасында жанжал пайда болған. Қылмыстық іске күдікті эмоцияларға бой алдырып, көліктен шығып, 67 жастағы жүргізушіні ұрып-соққан.
Алған жарақаттарынан кейін жәбірленуші сол жерде қайтыс болды. Құқық қорғау органдарының өкілдері жүргізушілерді жолда туындайтын осындай жағдайларда эмоцияларға берілмеуге, сізді үйіңізде күтіп отырған адамдардың барын естен шығармау керектігін ескертеді.