24 жастағы жігіт жарты сағатта үш рет қылмыс жасаған

13.08.2020 20:15

Тәртіп сақшылары күдіктіні дәмханадан ұстаған

Фото: ашық дереккөзден

Ақтөбе қаласының 24 жастағы тұрғыны 30 минутта үш рет ұрлық жасаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

«6 тамызда күндік Ақтөбе тұрғыны қаладағы Әйтеке би көшесінде 35 жастағы әйелдің бір қорап темекісін ұрлап кеткен. Кейін ол дүкеннің маңайынан өтіп бара жатып, 52 жастағы әйелдің iPhone 8 телефонын күшпен тартып алған. Шығынның көлемі 200 мың теңгеден асады», – делінген облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Полиция мәліметінше, күдікті зейнеткердің құлағындағы сырғасын да тартып алмақ болған. Алайда оның бұл ойы жүзеге аспаған.

Сондай-ақ, 24 жастағы жігіт 15 минуттан соң Әйтеке би көшесіндегі дәмхананың кассасынан ақша ұрлаған. Шығынның көлемі - 13 мың теңге.

Тәртіп сақшылары күдіктіні дәмханадан ұстаған.

«Бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Күдікті Актөбедегі уақытша тергеу изоляторына қамалды», – делінген хабарламада.