Ащы судың зардабы: Алматыда 11 жол-көлік оқиғасы тіркелді

10.05.2024 20:17

Заң бойынша мас күйінде темір тұлпар тізгініне отыратындар 15 тәулікке қамаққа алынады

Almaty.tv

Биыл Алматыда мас күйінде көлік айдаған 841 адам ұсталып, 11 жол-көлік оқиғасы тіркелді, деп хабалайды Almaty.tv.

Мас күйінде көлікке отыратындардың саны әсіресе демалыс және мереке күндері арта түседі. Биыл қалада осы ішімдіктің кесірінен 11 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Күні кеше Түрксіб ауданында да осындай апат болды. Жантүршігерлік жол-көлік оқиғасы Майлин көшесінің бойында болған. Mercedes автокөлігін тізгіндеген азамат жылдамдықты шектен тым асырып, үлкен жүк көлігінің алдына шығып кеткен, салдарынан екі автокөлік те жолдың шетіне шығып, жол апатына болды. Кейін белгілі болған мәліметтерге сүйенсек, Mercedes көлігін тізгіндеген азамат орташа масаң күйде болған.

Абырой болғанда екі көліктің жүргізушісі де дін аман, дене жарақатын алған көрінеді. Куәгерлер «қатты соққыдан тірі шығу ғажап» деп отыр. Себебі темір тұлпарлар зақымданып, Mercedes автокөлігі мүлдем жарамсыз болып қалған.

– Мен ортаңғы жолақпен келе жатқанмын, Mercedes автокөлігі жолақтың сол жақ бетінде өте жоғары жылдамдықпен тоқтай алмай, ортаңғы жолаққа шығып, соқтығысты. Мас жүргізушіні тоқтату мүмкін емес, – деді жүк көлігінің жүргізушісі Бақтияр Аманжолов.

– Балаларыммен саябаққа бара жатқанбыз. Алдымен бір көлік қиып өтті. Ол жоғары жылдамдықпен тежегішті басып үлгермеген сияқты, ортаңғы жолақтағы КамАЗды іліп кетті. Мен жеңіл көліктің жүргізушісін шығара бастадым. Ол есеңгіреп тұрды, – деді куәгер Кирилл Ломонов.

Қалалық Полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, жол-көлік оқиғасының мән-жайы анықталып, тексеру басталды.

– Mercedes автокөлігі бір жиектен екінші жиекке ауысқан кезде, жүк көлігімен соқтығысып нәтижесінде темір бағанаға соқтығысты. Бұл жол оқиғасының салдарынан сол көлікті тізгіндеген 1998 жылғы жүргізуші зардап шекті, ол №4-ауруханаға жеткізілді. Түрксіб аудандық Полиция басқармасы тергеуге кірісті, – деді Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Заң бойынша мас күйінде темір тұлпар тізгініне отыратындар 15 тәулікке қамаққа алынып, 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылады.

Әйкерім Пернебек, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Павлодар облысында кеме капитаны суға батып кетті