Бұл дерекке ТЖД мен облыстық Полиция департаменті түсініктеме берді
Қостанай облысы Құсмұрын кентіндегі жер үйлердің бірінде 34 жастағы әйел 6 жасар ұлымен бірге өрттің құрбаны болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Олардың мәйіттері өрт сөндіру кезінде табылды. Бұл дерекке ТЖД мен облыстық Полиция департаменті түсініктеме берді.
Қостанай облысы ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, өрт сөндірушілер 26 қаңтар күні сағат 09:09-да шақырылған. Жер үй өртенді.
«Сағат 09:17-де өрт сөндірушілер оқиға орнына келді. Құтқарушылар 15 шаршы метрді құрайтын қонақ бөлмедегі жиһаздың барлығы жанып кеткенін анықтады. Үйден газ баллоны шығарылды. Өрт салдарынан 34 жастағы әйел мен оның 6 жасар ұлы қаза тапты», – деп хабарлады ТЖД.
Өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Қазіргі уақытта өрт орнында зертхана қызметкерлері жұмыс істеп жатыр.
Бұл факті бойынша полицей мәйіттердің табылуы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын ғана хабарлады.